АСТАНА. ҚАЗИНФОРМ – Бүгін Маңғыстау облысына сапары барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Caspian Offshore and Marine Construction» ЖШС теңіз металл конструкциялары зауытына барды, - деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі.
Зауытта Елбасы кәсіпорын қызметімен және «KMG Drilling & Services» ЖШС үшін салынып жатқан Қазақстандағы алғашқы өздігінен көтерілетін бұрғылау қондырғысымен танысты.
Нұрсұлтан Назарбаев зауыт қызметкерлерімен кездесуі барысында шығарылатын өнімнің өңір мен мұнай-газ кешенінің дамуы үшін маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ оларға еңбекте жаңа жетістіктер мен табыс тіледі.
«Caspian Offshore and Marine Construction» ЖШС зауыты мұнай-газ өнеркәсібі үшін жабдық және өнеркәсіптік қондырғылар жинау және жасаумен, кеме жасаумен, оларды жөндеумен және техникалық қызмет көрсетумен айналысады. Кәсіпорында барлығы 548 адам жұмыс істейді.