Қазақстанда коронавирустың кесірінен мұнай өнімдеріне сұраныс төмендеді

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (бұдан әрі – ҚМГ) Қазақстанның ірі қалаларында карантиннің енгізілуіне және мұнай өнімдерін тұтынудың төмендеуіне байланысты мұнай өңдеу зауыттары ең төменгі теңдестірілген қуаттарда жұмыс істейтінін хабарлайды. Қазақстанда мұнай өңдеу төрт кәсіпорында жүзеге асырылады: «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС, «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС және «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС (Шымкент МӨЗ), сондай-ақ «CASPI BITUM» БК» ЖШС битум зауыты. Мәселен, 2020 жылғы сәуірде мұнай өнімдерінің негізгі түрлеріне: автобензиндер мен дизель отынына – 40% – ға, авиаотынға-70% - ға сұраныс айтарлықтай төмендеді. Мұны мұнай өңдеу зауыттарына түсетін мұнай жеткізушілерден түскен өтінімдер динамикасын талдау дәлелдейді. Тауарлардың мөлшерден артық жиналуын болдырмау үшін Атырау, Павлодар және Шымкент МӨЗ-де мұнай өңдеу және мұнай өнімдерін өндіру көлемі ең төменгі деңгейге дейін төмендетілді. Зауыттар өз қызметін жалғастыруда. Коронавирус инфекциясыпандемиясына (COVID-19) байланысты қауіпсіздік шараларын күшейту зауыттарда 15 наурыздан бастап дағдарысты басқару жөніндегі штабтар жұмыс істейді, олар өз жұмыстарын ұлттық компанияның орталық штабымен күнделікті үйлестіреді. Алдын алудың бұрын-соңды болмаған шаралары қабылданды: әкімшілік және өндірістік объектілерде санитариялық-дезинфекциялық және бақылау-өткізу режимдері күшейтілді; кәсіпорындардың әкімшілік персоналының 70% - ға дейін қашықтан жұмыс істеу режиміне ауыстырылды; зауыт қызметкерлерінің құрылымдық бөлімшелер арасында орын ауыстыруы шектелді; персоналдың денсаулық жағдайына күнделікті мониторинг жүзеге асырылады; орынжайларға, көлік құралдарына және зауыт жанындағы аумақтарға тұрақты дезинфекция жүргізіледі. «ҚазМұнайГаз» зауыттарды кемінде 2 ай мерзімге су, азық-түлік, бірінші кезекте қажетті тауарлар, дәрі-дәрмектер, жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етеді. Қызметкерлер жеке қорғаныс құралдарымен – медициналық маскалармен, нитрилді қолғаптармен, бактерияға қарсы құралдармен жабдықталған. Жаңғырту қорытындылары Естеріңізге сала кетейік, үш мұнай өңдеу зауытын (Атырау, Павлодар және Шымкент) жаңғырту нәтижесінде ішкі нарықтың мұнай өнімдеріне қажеттілігін толық көлемде жабуға қол жеткізілді. МӨЗ-де мұнай өңдеу әлеуеті жылына 17,5 млн тоннаға дейін ұлғайтылды, өңдеу тереңдігі 90% - ға дейін ұлғайтылды. Бүгінде қазақстандықтар К4 және К5 (тиісінше Еуро-4 және Еуро-5) экологиялық класты бензиндермен қамтамасыз етілген. 2019 жылы артық бензин жақын және алыс шетелге экспортталды. 2019 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы көмірсутек шикізатын өңдеу көлемі (ҚМГ үлесін ескере отырып) 13 822 мың тоннаны құрады немесе 2018 жылмен салыстырғанда 3% - ға артық. 2019 жылы ҚМГ операциялық үлесін ескере отырып, мұнай өнімдерін өндіру көлемі 12 513 мың тонна дайын өнімді құрады, бұл 2018 жылдың көрсеткішінен 361 мың тоннаға (3% - ға) артық.