Қазақстандық «Satti» бұрғылау қондырғысы Каспий теңізінің Әзірбайжан секторында ұңғымаларды бұрғылауды жоспарлап отыр

2021 жылғы 25 ақпанда Дубай қаласында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (бұдан әрі – ҚМГ) және Әзірбайжан Республикасының мемлекеттік мұнай компаниясы (бұдан әрі – SOCAR) Каспий теңізінің Әзірбайжан секторында «Satti» өздігінен көтерілетін жүзбелі бұрғылау қондырғысын (бұдан әрі – ӨЖБҚ) бірлесіп пайдалану туралы уағдаласқаны белгілі.  «KMG Drilling&Services» ЖШС (ҚМГ еншілес компаниясы)  және «Caspian Drilling Company Ltd» (SOCAR еншілес компаниясы) арасындағы бірлескен қызмет туралы келісім Каспий теңізінің Әзірбайжан секторындағы Shallow Water Absheron Peninsula құрылымында ӨЖБҚ пайдалана отырып, 2 барлау және 1 опциондық ұңғыманы бұрғылауды көздейді. Қол қою рәсіміне «Самұрық-Қазына» АҚ басшысы Ахметжан Есімов пен ҚМГ Басқарма Төрағасы Алик Айдарбаев қатысқан болатын.  «Satti» ӨЖБҚ -Қазақстанда жасалған алғашқы теңіз бұрғылау қондырғысы. ӨЖБҚ Каспий теңізінде теңіз тереңдігі 80 метрге дейін бұрғылау жұмыстарын жүргізуге арналған. Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылғы 19 маусымда ӨЖБҚ «KMG Drilling&Services» ЖШС және «Caspian Drilling Company Ltd» арасындағы сенімгерлік басқару шарты шеңберінде Баку қаласына жеткізілді. Келісімде бұрғылау қондырғысының модификациясы қарастырылған, бұл тереңдігі 6000 метрден асатын барлау ұңғымаларын қауіпсіз және тиімді бұрғылауды қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта  ӨЖБҚ модификациялау процесі аяқталу сатысында. ҚМГ атап өткендей, мұндай жобаларға қатысу қазақстандық мұнай-газ секторының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және теңізде бұрғылау жұмыстарын жүргізу тәжірибесін алуға мүмкіндік береді.